Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына (бұдан әрі –МСАК) тіркеу тұрақты немесе уақытша тұратын жері, жұмыс, оқу орны бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тұрғындар дәрігерді еркін таңдауға және бір әкімшілік-аумақтық бірлік құзыреті бойынша медициналық ұйымнан көмек сұрауға құқылы.
Емханаға қалай тіркелуге және тіркелгенді тексеруге болады?
Сонымен Сіз емхананы таңдадыңыз, енді оған қалай тіркелу керек? Мұны жүзеге асыру өте оңай. Бұл үшін Сіз емханаға келіп, тіркеу орнында емхананың бас дәрігерінің атына еркін түрде өтініш жазуыңыз керек және жеке басты куәландыратын құжатты (төлқұжат, туу туралы куәлік, ҚР заңнамасына сәйкес берілген өзге де құжат) ұсыну қажет. Ешқандай атаулы анықтама талап етілмейді. Сізді тіркеу өтініш түскен күні жүзеге асырылады.
Сіздің деректер «Азаматтарды тіркеу регістрі» ақпараттық жүйеге енгізіледі.
Емханаға тіркелудің екінші тәсілі ғаламтор пайдаланушылар үшін ыңғайлы. "Электронды үкімет" (еgov.kz) порталы арқылы электрондық құжат нысанында азаматтың мәліметтерін көрсете отырып, сұрау салу қажет. Емханадағы жауапты қызметкер электрондық сұрау салуды тиісті ақпараттық жүйелерден алады және сіздің тіркеу туралы электрондық түрде талоныңызды ресімдейді.
Тіркелгеніңіз жөніндегі туралы ақпаратты "еgov" порталындағы «Емхананы таңда» бөлімінде анықтай аласыз.
Сондай-ақ, азамат тек бір емханада ғана тіркеле алады. Оның бір уақытта бірнеше емханада тіркелуі мүмкін емес. Пациент өз өтінішімен МСАК ұйымына тіркелу кезінде осыған дейін тіркелген МСАК ұйымынан «Азаматтарды тіркеу регистрі» порталы арқылы автоматты түрде шығарылады.
Азаматтар дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде, емханаға тіркелу жылына бір рет қана жүзеге асырылады.
МСАК ұйымдары азаматтарды жеке өтініші арқылы ғана тіркейді. Отбасы мүшелерін тіркеу отбасы мүшелерінің біреуі арқылы, өзге отбасы мүшелерінің жазбаша келісімі болған жағдайда және отбасының әрбір мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсету арқылы жүзеге асырылады.